Еуропаның ең ірі әуежайы саналатын Стамбул әуежайы танымал саяхат журналы «Travel + Leisure» жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша қатарынан екінші рет әлемдегі ең үздік әуежай ретінде таңдалды.
Әуежайдың көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда жоғарылап, 95,79-дан 98,57-ге дейін өскен. 2023 жылғы сауалнамада 83,36 оқырман ұпайымен жетінші орынды иеленген Стамбул әуежайының биылғы жетістігі «Travel + Leisure» журналы тарапынан «ерекше әсерлі көрсеткіш» деп сипатталды.
Әуежайлар «Travel + Leisure» журналының оқырмандары тарапынан қолжетімділік, тіркелу тәжірибесі, қауіпсіздік, тамақтану, сауда және дизайн сияқты өлшемдер бойынша бағаланды.
Стамбул әуежайын басқаратын «İGA» 17 шілде күні жасаған мәлімдемесінде журналдың Нью-Йоркта өткен марапаттау рәсімі сала жетекшілері мен таңдаулы қонақтарды бір алаңда тоғыстырғанын атап өтті.
Стамбул әуежайының марапаты журналдың бас редакторы Жаклин Гиффорд тарапынан компанияның ішкі және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Гөкхан Шенгүлге табысталды.
Шенгүл: «İGA» Стамбул әуежайындағы қызмет тек операциялық шеберлік тұрғысынан ғана емес, мәдени құндылықтармен де мойындалуы біз үшін зор құрмет. Әуежайдың түрік мәдениетіндегі қонақжайлылық, талғампаздық және жаһандық стандарттардан да жоғары қызмет көрсету тәсілдерімен ерекшеленуі аса маңызды», - деді.
Сондай-ақ Шенгүл: «Бұл жолда тек әуежайды ғана емес, Стамбул қаласы мен еліміздің бай мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныстырып, бренд құндылығын арттыруға үлес қосу - біз үшін үлкен мақтаныш», - деді.
«İGA» Стамбул әуежайы 2021 жылы осы журналдың беделділер тізіміне енген алғашқы түрік әуежайы болды, ал 2024 жылы әлемнің ең үздік әуежайы болып таңдалды.
«İGA» компаниясы: «Биылғы жылдың алғашқы ондығында «İGA» Стамбул әуежайынан кейін Сингапур, Катар, БАӘ, Оңтүстік Корея, Жапония, Үндістан мен Гонконг сынды әлемнің ең ірі әуежайлары бар. Бұл – «İGA»-ның жаһандық аренадағы ерекше жетістігін айғақтайды», - деп мәлімдеді.
Стамбул әуежайы өткен жылы Еуропада ең көп жүк тасымалдаған екінші әуежай болды және осы жылдың сәуір айында бір уақытта ұшу-қону операциясын жүргізетін үш жолақ іске қосылды.
Стамбул әуежайы Еуропада үш жолаққа ие алғашқы әуежай, ал әлемде АҚШ-тан кейін
екінші орында. Әуежай 2024 жылы шамамен 80 миллион жолаушыны қабылдап, Еуропадағы ең үлкен әрі ең көп жолаушы тасымалдайтын екінші әуежай атанды.
Сонымен қатар Халықаралық әуежайлар кеңесінің (ACI) 2024 жылғы Еуропаның жылдық жүк тасымалы туралы есебіне сәйкес, өткен жылы Стамбул әуежайы Еуропада ең көп жүк тасымалдаған орталық болды.
Еуропа Әуе навигация қауіпсіздігі ұйымының (Eurocontrol) апталық дерегі бойынша Стамбул әуежайы күнделікті рейс саны бойынша Еуропаның көшбасшысы болды.