Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған мен Катар Әмірі Шейх Тамим бин Хамад Әл Тани Дохадағы ХАМАС келіссөз делегациясына жасалған Израиль шабуылын талқылау үшін телефон арқылы сөйлесті. Екі басшы бұл жағдайға байланысты бірлескен қадамды талқылады.
Телефон әңгімесінде Ердоған қаза тапқандарға көңіл айтып, Анкараның Катар мемлекеті мен халқына қолдау көрсететінін атап өтті.
Түркия президенті Израильдің шабуылын айыптап, бұл әрекетті халықаралық құқыққа қайшы келетін және "бауырлас елге" қарсы жасалған өрескел қадам деп сипаттады. Ердоған Түркияның “NSosyal” әлеуметтік желісінде жасаған мәлімдемесінде: "Израильдің Катардағы ХАМАС келіссөз делегациясына жасаған шабуылы Нетаньяху үкіметінің соқыр ашуын және қақтығыстар мен тұрақсыздықты тереңдету ниетін тағы да айқын көрсетті," - деді.
Ердоған сөзін жалғастырып, "Терроризмді мемлекеттік саясатқа айналдырғандар табысқа жете алмайды. Израильдің бүкіл аймақты апатқа ұшыратуға тырысқан қарақшылық әрекеттеріне қарсы біз табанды әрі шешімді ұстанымымызды сақтаймыз. Қандай шығын болса да, біз бейбітшілікті, халықаралық құқықты және палестиналықтардың еркіндігін қорғауды жалғастырамыз," - деді.
Шабуылдан кейін Түркияның Катардағы елшілігі жағдайды "мұқият" бақылап отырғанын мәлімдеді және түрік азаматтарына Катар билігінің хабарламаларын, сондай-ақ ресми әлеуметтік желілер мен елшілік сайтында жарияланатын ақпараттарды қадағалауға кеңес берді.
Израильдің Дохаға жасаған шабуылы Катар астанасына жасалған алғашқы шабуыл болды. ХАМАС делегациясы Газаға қатысты АҚШ қолдаған атысты тоқтату жоспарын талқылап жатқанын мәлімдеді. Палестиналық қарсылық тобының айтуынша, шабуылдан алты адам, соның ішінде бас келіссөзшісінің ұлы мен катарлық қауіпсіздік қызметкері қаза тапқан, бірақ жоғары лауазымды басшылар аман қалған.
Катар, АҚШ және Мысыр Израильдің Газаға қарсы соғысын тоқтату үшін делдалдық жасауға белсенді қатысып келеді. Бұл соғыста 2023 жылдың қазан айынан бері 64 мыңнан астам палестиналық қаза тапты.