АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффтың мәлімдеуінше, өткен апта Аляскада АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин арасында өткен кездесуде ресейлік ресми өкілдер бірден ымыраға келген.
Уиткофф сейсенбі күні «FOX News» арнасына берген сұхбатында: «Аляскадағы алғашқы кездесуде ресейлік тарап бірден ымыраға келді. Бұл арқылы біз Ресейдің бейбітшілік келісіміне деген ниетін анықтадық», - деді. Алайда ол нақты қандай ымыралар жасалғаны туралы ашып айтпады.
Уиткоффтың айтуынша, Анкоридждегі келіссөздер уақытша бітімнен гөрі ұзақ мерзімді бейбітшілік келісіміне қол жеткізуге бағытталған.
«Онда біз ұзақ уақыт болдық, өйткені бейбітшілік келісімі жолында ілгерілеушілік болатын. Бітім келісімі барлық шарттарды қамтымағандықтан, оны бұзу тым оңай болуы мүмкін», – деді ол.
Уиткофф: «Президенттің ойынша, Аляскадағы бұл кездесуде бейбітшілік орнатуға қажет шарт бойынша келісімге қол жеткізілді. Сондықтан неге толыққанды бейбітшілік келісімін қарастырмасқа?» – деді.
Хабарға қарағанда негізгі келіспеушілік мәселелерінің арасында жер алмасу мен Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру мәселелері бар. Киев пен Еуропа басшылары кез келген бейбіт келісімге апарар жол ең алдымен бітімнен басталуы тиіс деп санаса, ал АҚШ пен Ресей толыққанды бейбітшілік келісімін жасағысы келеді.