АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Ресей Президенті Владимир Путин Аляскадағы кездесуде Трамптың басты басымдығы болған Украинадағы соғысты аяқтау мәселесінде ешқандай келісімге келе алмады.
Жұма күні «Joint Base Elmendorf-Richardson» базасында шамамен үш сағатқа созылған кездесуден кейін бірлескен баспасөз мәслихатында Трамп: «Көптеген мәселе бойынша келісімге келдік, алайда әлі толық келісе алмаған бірнеше маңызды мәселе бар. Белгілі бір ілгерілеуге қол жеткіздік», - деді. «Бейбітшілікке бағытталған күш-жігер» деген жазу алдында сөз сөйлеген Трамп: «Белгілі бір келісімге қол жеткізбейінше келісім болмайды», - деп қосты.
Трамп қалған мәселелерге тоқталмады және олардың тікелей Украинаға қатысты екенін растамады.
Ал Путин Ресейдің ұстанымында ешқандай өзгеріс жоқ екенін атап өтті және қақтығысты «негізгі қауіппен» байланыстырып, қақтығыстың негізгі себептері қарастырылған жағдайда ғана тұрақты шешім мүмкін екенін мәлімдеді. Мәскеудің бұл мәлімдемесі Украинадан жер беруді, қарудан бас тартуды, НАТО мүшелігін тоқтатуды және үкіметті өзгертуді талап етеді.
Путин: «Киев пен Еуропа елдерінің астаналары бұл жағдайды конструктивті қабылдап, бұл істі бұзбауын күтеміз», - деді.
«Келесі кездесу Мәскеуде өтеді»
Сондай-ақ Путин Трамптың «2022 жылы президент болғанымда соғыс басталмайтын еді» деген пікірін қайталап: «Шынымен де солай болар еді», - деді.
Трамп НАТО басшыларын, Украина Президенті Владимир Зеленскийді және басқаларды кездесулер туралы хабардар ететінін айтты.
Журналистердің сұрақтарына жауап берместен кетпес бұрын Трамп Путинге: «Мүмкін сені жақын арада тағы көремін», - деді. Путин ағылшын тілінде: «Келесі кездесу Мәскеуде», - деп жауап берді. Ал Трамп болса: «Хмм, бұл қызықты ұсыныс… сын айтылуы мүмкін, бірақ бұл мүмкін», - деді.
АҚШ санкция салған және Украинадағы соғыс қылмыстары үшін Халықаралық Қылмыстық Сот тарапынан іздеудегі Путин үшін саммит ерекше жылы қарсы алумен басталды. Ұшақтан Путинді Трамп қарсы алды. Қарсы алу кезінде АҚШ әскери ұшақтары, соның ішінде «B-2» бомбалаушы ұшағы ұшып өтті.
Екі бәсекелес күштің көшбасшылары аудармашысыз АҚШ президенттінің лимузиніне мінді.
Ілгерілеу бар
Кремльдің баспасөз хатшысы Путин мен Трамп арасындағы кездесулер елдердің шешім жолдарын іздеуді жалғастыруына мүмкіндік бергенін айтты. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сенбі күні жасаған мәлімдемесінде: «Кездесу шынымен де өте нәтижелі болды және екі президент шешім жолдарын талқылады. Бұл шешім жолдарын іздеуде бірге ілгерілеуге мүмкіндік беретін кездесу болды», - деді.
Екі басшы сөйлесіп жатқанда Украинадағы соғыс жалғасып, елдің шығыс аймақтарының көптеген бөлігінде әуе шабуылы дабылы қосылды. Сонымен қатар Ресейдің Ростов және Брянск облыстарының губернаторлары кейбір аймақтардың Украинаның ұшқышсыз әуе аппараттары тарапынан шабуылға ұшырағанын хабарлады.
Зеленский Мәскеуге жер беруді ресми түрде жоққа шығарып, АҚШ тарапынан қауіпсіздік кепілдігін іздеуде. Киевтен саммитке қатысты пікір келмеді.
Украина оппозициясының депутаты Олексий Гончаренко «Telegram» желісіндегі хабарламасында: «Путин біраз уақыт алуды іске асырды. Келісімге келіп, атысты тоқтату немесе шиеленісті азайту туралы ешқандай келісім жасалмады», - деді.
Чехия Сыртқы істер министрі Ян Липавский Трамптың әрекеттерін жоғары бағалайтынын, алайда Путиннің келісім жасауға деген қызығушылығына күмәнмен қарайтынын айтты. «Егер Путин бейбітшілік келіссөздеріне шын ниетті болғанда, бүгін күн бойы Украинаға шабуыл жасамас еді», - деп қосты ол.
Мәскеу де, Киев те үш жылдан астам уақытқа созылған соғыста бейбіт тұрғындарды нысанаға алғанын жоққа шығаруда. Алайда мыңдаған украиналық бейбіт тұрғын осы соғыста қаза тапты. Соғыс екі тараптан да бір миллионнан астам адамның өліміне немесе жарақат алуына себеп болды.