Түркиялық әлеуметтік медиа платформасы “Next Sosyal” 1 миллион қолданушыға жетті. Бұл жаңалық сенбі күні “TEKNOFEST” атқару комитетінің төрағасы әрі Түркия Технология Қорының (T3 Vakfı) төрағасы Селчук Байрактардың әлеуметтік желідегі жазбасында хабарланды.
«Түркияның “Nsosyal” желісі 1 миллион қолданушыға жетті», – деген Байрактар 22 тамызға дейін #NSosyalBenim хэштегімен #NSosyal платформасында жасалатын жазбаларға байланысты арнайы ұтыс ойын өткізілетінін айтты. Қатысушыларға электрлі велосипед, “PlayStation”, “GoPro”, “Monster” компьютер, планшет, ұялы телефон, ақылды сағат пен “Bluetooth” құлаққап секілді сыйлық ұту мүмкіндігі ұсынылмақ.
Байрактар 4 шілдеде платформаның бета-нұсқасы іске қосылғанын хабарлаған болатын. “T3” қорының бастамасымен әзірленген бұл жоба сапалы әрі қауіпсіз әлеуметтік желі қызметімен ерекшеленіп отыр.
Жақында “Next Sosyal” мобильді қосымша дүкендерінде «әлеуметтік желі» санатындағы ең танымал тегін қосымшаға айналды. Бета-нұсқасының таныстырылымынан бері қарқынды дамып келе жатқан платформа 1 миллионнан астам қолданушы жинап, әлеуметтік медиа саласында отандық технологиялардың әлеуетін паш етті.
“Next Sosyal” қолданушыларға өз ойларын еркін жеткізуге мүмкіндік береді. Платформа негізінен жаңалық, технология, өмір салты мен күнделікті оқиғаларға қатысты контент жариялауға бағытталған.
Жалған ақпарат, балағат сөздер, бот-аккаунттар және манипулятивті алгоритмдерден тазартылған бұл желі жасанды интеллект енгізілуімен ерекшеленеді. “T3” қоры және “Baykar” компаниясының серіктестігімен әзірленген түрікше “T3 AI” үлкен тіл моделі қолданушылар белгілеген жазбаларға жылдам жауап беріп, өзара байланысты күшейтуде.
Сонымен қатар жас бағдарламашылар әзірлеген қосымшалар жалған ақпаратты анықтау сияқты функциялар арқылы платформаның сенімділігін арттыруда.