Ауғанстанда осы аптада болған жер сілкіністерінен кейін құтқарушылар қиранды астынан адамдардың денелерін алып шығуға тырысып жатыр. Уақыт өтіп бара жатқандықтан аман қалғандар үшін жағдай қиындап, азық-түлік, баспана және дәрі-дәрмекке арналған халықаралық көмек қорларының азайып жатқаны туралы ескертулер айтылуда.
Талибан әкімшілігі “cәрсенбі күні кешке дейін іздеу жұмыстары жалғасып, қирандылардан тағы да денелер табылды”, деп хабарлады. Қаза тапқандар саны 1,457-ден асқан, бірақ нақты мәлімет әлі де толық жиналмаған.
«Бізде бардың бәрі жойылды», – деді Кунар уәлаятында ең көп зардап шеккен аймақтың тұрғыны Аалем Жан. «Үйіміз құлады, барлық заттарымыз бен мүліктеріміз жоғалды. Тек үстіміздегі киімдер ғана қалды» деді ол.
Жексенбі күні 6 балдық алғашқы жер сілкінісі Кунар мен Нангархар уәлаяттарында кең ауқымды апатқа жол ашты. Бұл соңғы жылдардағы ең ауыр жер сілкіністерінің бірі болды. Жер сілкінісі 10 км тереңдікте тіркелді. Ал сейсенбі күні 5,5 балдық екінші жер сілкінісі құтқару жұмыстарын тоқтатып, таулардан тас құлап, шалғай ауылдарға жолдың жабылуына себеп болды.
Биліктің мәліметінше, шамамен 3,400 адам жарақат алған, ал 6,700-ден астам үй қираған. Біріккен Ұлттар Ұйымы қиранды астында әлі де адамдар болуы мүмкін екенін айтып, қаза тапқандар санының артуы мүмкін екенін ескертті.
Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары федерациясы гуманитарлық қажеттіліктердің «көп және тез өсіп жатқанын» мәлімдеді. «Алғашқы мәліметтер бойынша, 84,000 адам тікелей және жанама түрде зардап шеккен, мыңдаған адам баспанасыз қалған», – деп білдірді ұйым.
Кунар уәлаятындағы кейбір ауылдарда бүтіндей отбасылар жойылып кеткен. Тірі қалғандар жақындарын іздеп, қирандыларды қазып, денелерді тоқылған зембілдермен тасып, көмек күтіп, қабір қазуда.
“Reuters” телеарнасының кадрларында ұн қаптары тиелген жүк көліктері мен күрек ұстаған ер адамдардың биік беткейлердегі шалғай ауылдарға бара жатқанын көруге болады. Билік тікұшақ қона алмайтын жерлерге ондаған арнайы жасақ сарбазын жеткізді.
Соғыс, кедейлік және қысқарып жатқан көмек салдарынан зардап шеккен 42 миллион халқы бар Оңтүстік Азияның осы елінде құтқару және көмек көрсету ресурстары жеткіліксіз. Қатал ауа райы да қосымша қиындықтар туғызуда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 3 миллион долларлық қаржыландыру тапшылығын атап өтіп, дәрі-дәрмек, жарақаттарға арналған жиынтықтар және қажетті тауарларды жеткізуді жалғастыру маңызды екенін айтты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы аман қалғандарды қолдау үшін тек төрт аптаға жететін қорлары бар екенін мәлімдеді.