Түркия дүйсенбі күні Ялова қаласындағы «Sefine» кеме жасау зауытында өткен салтанатты рәсімде өзінің сегізінші отандық кемесі көп мақсатты «TCG İçel» (F-518) фрегатын теңізге жіберді.
«TCG İçel» жобасы 2023 жылдың 6 сәуірінде Түркияның Қорғаныс өнеркәсібі төрағалығы (SSB), «TAIS» Бірлескен кәсіпорны мен «STM» арасында жасалған келісім аясында басталды. Жоба бойынша жеті «İstif» класында фрегат жасалмақ. Қазіргі уақытта бұл жеті кеменің екеуі «Sefine» кеме зауытында құрастырылып жатыр.
«TCG İçel» 5 теңіз күйіне (шамамен төрт метр толқын биіктігі) дейінгі барлық ауа райы жағдайында бақылау, барлау, патрульдік, суасты қайықтарына қарсы соғыс, әуе қорғанысы, өзін-өзі қорғау және іздеу-құтқару миссияларын орындай алады.
Фрегат жағалаудағы теңіз тасымалын қорғау, террорлық әрекеттерді бақылау және алдын алу, десанттық операцияларға қолдау көрсету үшін пайдаланылатын болады.
Кеменің ұзындығы – 113 метр, су ығыстырғыштығы – шамамен 3200 тонна. Газ турбинасы мен дизельді қозғалтқыштардың үйлесімі арқылы фрегат 29 түйіннен жоғары жылдамдыққа шыға алады. Жылдамдығы 14 түйін болған жағдайда 5700 теңіз милін, 19 түйінде 4000 теңіз милін еңсере алады.
Жанармай, азық-түлік және су қорының сыйымдылығы кеменің теңізде кемінде 15 күн жүзуіне мүмкіндік береді. Тікұшақ алаңы 10 тонналық тікұшақтың немесе кемеге орналастырылған ұшқышсыз әуе аппараттарының тәулік бойы ұшып-қонуына бейімделген.
«TCG İçel» толықтай отандық қару-жарақ жүйелерімен, сенсорлармен және бағдарламалық жасақпен жабдықталған. Оның құрамына «MKE» шығарған зеңбірек, «Gökdeniz» жақын қашықтықтағы әуе қорғаныс жүйесі, «MİDLAS» тік ұшырылым жүйесі және «Atmaca» зымыраны кіреді.
Сонымен қатар үш өлшемді әуе және суүсті іздеу радарлары, атысты басқару радарлары, электро-оптикалық іздеу және бақылау жүйесі, электрондық соғыс жүйесі, желілік «ADVENT» соғыс басқару жүйесі де платформаға енгізіледі.
«TCG İçel» құрылысына 200-ге жуық жеткізуші компания үлес қосты, ал жергілікті қамту деңгейі 70% -дан асады.