Түркия Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) шамамен 30 жыл бұрын Армения мен Әзербайжан арасындағы Қарабақ қақтығысын араағайындық жолмен шешу үшін құрылған Минск тобын тарату туралы шешімін қуана құптады.
Сыртқы істер министрлігі сейсенбі күні жасалған жазбаша мәлімдемеде: «2025 жылдың 1 қыркүйегінде ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі қабылдаған Минск тобы мен оған қарасты құрылымдарды тарату шешімін құптаймыз» делінген.
Мәлімдемеде «Әзербайжан мен Арменияның бірлескен күш-жігерімен келген бұл тарихи шешім екі ел арасындағы бейбітшілік үдерісінің маңызды кезеңі» делінген.
Қарабақ қақтығысына бейбіт шешім табу үшін 1992 жылы құрылған Минск тобына Ресей, АҚШ және Франция тең төрағалық еткен болатын. Алайда топ тұрақты шешім ұсына алмады. Әзербайжан ұзақ уақыт бойы топтың таратылуын талап етіп, мұны Армениямен ресми бейбіт келісімге қол жеткізу үшін басты шарт ретінде қарастырды.
Топтың таратылуы туралы шешім 8 тамыз күні Ақ Үйде АҚШ Президенті Дональд Трамптың төрағалығымен өткен саммиттен кейін қабылданды. Саммит барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян бірнеше кездесу өткізді. Кейін екі елдің Сыртқы істер министрлері топтың таратылуы үшін ЕҚЫҰ-ға ортақ өтініш жолдады.
Түркия қақтығыс барысында әрдайым Әзербайжанды қолдады және бұл шешімді Оңтүстік Кавказда бейбітшілікті орнатуға бағытталған қадам ретінде бағалады.