Палестина текті америкалық журналист Әли Абунима Швейцария билігінің өзін үш күн бойы қамауда ұстап, кейін босатып, елден шығарғанын растады.
“Electronic Intifada (EI)” атты тәуелсіз онлайн басылымының атқарушы директоры болып табылатын Абунима дүйсенбі күні әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында Швейцария билігінің оны Цюрихте жоспарланған сөз сөйлеу іс-шарасы қарсаңында ұстағанын мәлімдеді.
"Дүйсенбі кешінде мені полиция кішкентай металл тордың ішінде, терезесіз түрме көлігімен Цюрих әуежайына қолымды кісендеп жеткізді және ұшаққа дейін алып барды," – деп ол елден шығарылу процесін сипаттады.
Куәгерлердің айтуынша: «Азаматтық киімдегі үш полиция қызметкері Абуниманы күшпен ұстады және қайда апаратынын түсіндірместен оны белгісіз көлікке күштеп отырғызды».
"Отаршылдық зорлығы"
БҰҰ-ның арнайы баяндамашылары Абуниманың қамауға алынуын сөз бостандығына жасалған шабуыл ретінде қатаң сынға алды.
БҰҰ-ның ой-пікір және сөз бостандығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Ирен Хан бұл жағдайды "естен тандырарлық жаңалық" деп бағалап, Швейцария билігін "жедел тергеу жүргізуге және оны босатуға" шақырды.
Женевада орналасқан адам құқықтарын қорғау ұйымы “Euro-Med Monitor” бұл тұтқындауды айыптап, оны "Батыс үкіметтерінде сөз бостандығын цензуралау және Палестина құқығын қорғайтын, зардап шеккендер туралы хабар тарататын журналистер мен белсенділерге бағытталған шабуылдардың күшейгенін көрсететін қауіпті үрдіс" деп атады.
Абунима өзінің жалғыз "қылмысы" – Палестинаны қорғап, Израильдің геноциді мен отаршылдық зорлығына және оны қолдайтындарға қарсы шығуы екенін мәлімдеді.
Қарсылықтың күшеюі
Стамбул әуежайына жеткеннен кейін журналист Швейцарияда қамауға алынуы және елден шығарылу процесі туралы “X” платформасында жазды.
"Бостандықтамын! Мұны ұшақта жазып, Стамбулға қонған бойда жарияладым," – деп жазды ол.
Ол отбасымен байланысуына рұқсат берілмегенін, "Швейцария заңдарын бұзды" деген айып тағылғанын, бірақ нақты қандай құқықбұзушылық жасағаны көрсетілмегенін мәлімдеді.
“Electronic Intifada (EI)” ұйымы бұл жағдайды "Батыс үкіметтерінің Палестина халқымен ынтымақтастық білдіру әрекеттеріне қарсы реакциясының күшеюі" деп сипаттап, соңғы бір жыл ішінде Ұлыбританияда бірнеше белсенді мен журналистің "терроризмге қарсы" заңдар аясында тұтқындалғанын, үйлеріне тінту жүргізілгенін және айып тағылғанын атап өтті.
Бұл тұлғалардың ішінде “EI-дің” аға редакторы Аса Уинстанли де бар еді. Оның үйіне тінту жүргізіліп, компьютерлері мен телефондары тәркіленген.
Абунима Швейцария қорғаныс министрлігіне қарасты барлау агенттері тарапынан да сұрақ-жауапқа тартылғанын мәлімдеді. Ол көшеден "ұрланғанын", қолына кісен салынып, белгісіз көлікке мәжбүрлі түрде отырғызылып, бірден түрмеге жеткізілгенін айтты.
"Мен Швейцарияға осы елдің азаматтарының шақыруымен келдім. Мақсатым – Палестина үшін әділдік туралы айту және Швейцария да ортақтасып отырған геноцидке жауапкершілік жүктеу мәселесін көтеру болатын," – деді ол.
Палестиналық журналист Израиль президенті Ицхак Герцогтың Давоста қызыл кілем төселіп қарсы алынғанын, ал шындықты айтқан журналист ретінде өзіне қылмыскер сияқты қаралғанын сынға алды.
"Өзеннен теңізге дейін Палестина азат болады!" – түйіндеді ол сөзін.