Испания Премьер-министрі Педро Санчес дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Газаға қатысты геноцидті тоқтатуға байланысты тоғыз жаңа шара қабылдағанын мәлімдеді.
Санчес сұхбатында: «Израильдің жасап отырғаны – өзін-өзі қорғау емес, қорғансыз халықты жою», – деді.
Санчес Испанияның 2023 жылдан бері Израильге қару-жарақ экспорттауға тыйым салып келе жатқанын, алайда енді үкімет осы тыйымды тұрақтандыратын заңды шұғыл қабылдайтынын айтты.
Сондай-ақ Мадрид Израиль күштеріне жанармай таситын кемелердің испан порттарын пайдалануына тыйым салады. Қорғаныс материалдарын таситын ұшақтарға да Испания әуе кеңістігінен өтуге рұқсат берілмейді.
Санчес Газа геноциді, құқықбұзушылық және соғыс қылмыстарына тікелей қатысы бар тұлғалардың Испанияға кіруіне тыйым салынатынын атап өтті.
«Бұл шаралардың соғыс қылмыстарын біржола тоқтатуға жеткіліксіз екенін білеміз. Бірақ Премьер-министр Беньямин Нетаньяхуға қысым жасайтын және Палестина халқының көрген қиындығын жеңілдететін әрекет деп үміттенеміз», – деді Санчес.
Басқа шаралар қатарында Батыс Шерия мен Газадағы заңсыз израильдік қоныстарда жасалған импортқа тыйым салу, оккупацияланған аймақтарда тұратын испандықтарға консулдық қызмет деңгейін төмендету, Испанияның Рафахқа қолдауын күшейтіп, Палестина әкімшілігімен бірге азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуге арналған жаңа бірлескен жобаларды дамыту қарастырылған.
Сондай-ақ Испания палестиналық босқындарға көмек көрсететін БҰҰ агенттігіне (UNRWA) қосымша 10 млн еуро бөледі және 2026 жылға дейін Газаға 150 млн еуро көлемінде қосымша гуманитарлық көмек беруді уәде етеді.
Санчес: «Испания жалғыз өзі соғысты тоқтата алмайды, бірақ бұл әрекетсіздігімізді де білдірмейді», – деп түйіндеді.