Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрі Чо Хён дүйсенбі күні АҚШ-қа сапар шегеді. Бұл сапардың мақсаты – иммиграциялық рейд кезінде жүздеген корей жұмысшысының ұсталуына байланысты туындаған мәселелерді шешу. Бұл оқиға Сеулдің АҚШ-тағы ірі инвестициялық жоспарларын жүзеге асыруға ұмтылып жатқан кезеңінде болып отыр.
Сеул “Hyundai Motor” мен “LG Energy Solution” компанияларының Джорджия штатында салып жатқан аккумулятор зауытында ұсталған шамамен 300 корей жұмысшысын босату туралы келіссөздер аяқталғанын мәлімдеді. Жоспар бойынша, оларды осы аптада арнайы ұшақпен елге қайтару көзделуде.
АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік департаментінің агенттері тарапынан жұмысшылардың ұсталу оқиғасы Оңтүстік Кореяда үлкен резонанс тудырды. Бұл ел АҚШ-тың маңызды одақтасы болып табылады және шілде айының соңында келісілген сауда келісімін аяқтауға тырысып жатыр. Бұл оқиға Оңтүстік Кореяның жаңа президенті Ли Чжэ Мённың Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, екі елдің іскерлік байланыстарын нығайтуға уәде бергеннен кейін небәрі 10 күн өткен соң болды.
Чоның келіссөздері негізінен корей жұмысшыларын елге қайтару мәселесіне бағытталмақ. Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрлігінің өкілі “оларды арнайы чартерлік рейспен "ерікті түрде кету" ретінде қайтару жоспарланып отыр”, деп мәлімдеді. Алайда ол қосымша мәлімет беруден бас тартты.
Трамп өзінің әкімшілігі заңсыз иммигранттарға қарсы шараларды күшейтіп, ел бойынша депортацияларды арттырғанын айта келе, өткен аптада бұл рейд туралы хабарсыз болғанын мәлімдеді. Ол ұсталғандарды "заңсыз шетелдіктер" деп атады.
Жексенбі күні Трамп АҚШ-қа инвестиция салатын шетелдік компанияларды "елдің иммиграциялық заңдарын құрметтеуге" шақырды.
"Сіздің инвестицияларыңызды қолдаймыз және сіздердің өте ақылды, техникалық қабілеті жоғары мамандарыңызды заңды түрде әкеліп, әлемдік деңгейдегі өнімдер жасауға шақырамыз. Біз сіздерге бұл процесті тез әрі заңды түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береміз," – деді ол “Truth Social” платформасында.
“Hyundai” мен “LGES” компанияларының электр көліктеріне арналған аккумуляторлар шығаратын $4,3 миллиардтық жобасының құрылысында жұмыс істейтін 300 оңтүстік кореялық жұмысшы ұсталған 475 адамның ішінде арасында болатын. Бұл АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік департаментінің тергеу операциялары тарихындағы ең ірі рейд болды.
“Hyundai Motor” АҚШ-тағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі болып табылады және Оңтүстік Кореяның АҚШ нарығына $350 миллиардтық қаржы салу уәдесіне қатысушы компаниялардың қатарында.
“Hyundai Motor” өкілі кейбір қызметкерлерге АҚШ-қа маңызды емес сапарларды уақытша тоқтату туралы нұсқау берілгенін айтты.
“LGES” те АҚШ-қа қызметтік сапарларды, ерекше жағдайларды қоспағанда, тоқтатқанын және қазіргі уақытта АҚШ-та жүрген Оңтүстік Корея қызметкерлерін кері шақыратынын мәлімдеді.