Францияның “Le Figaro” газеті жариялаған мақалада жаңа “MUGEM” Ұлттық Әуе Кемесімен бірге Түркияның теңіз әлеуетінің француздардың «Шарль де Голль» әуе кемесін артта қалдыруға дайын екені айтылды.
Сейсенбі күні жарық көрген мақалада өткен аптада әлемнің ең ірі авиация, ғарыш және технология фестивалі “TEKNOFEST” кезінде Президент Режеп Тайып Ердоғанның Ұлттық Әуе Кемесі жобасына қатысты ресми мәлімдемесіне назар аударылды.
«Ауқымды жоба» деп сипатталған Ұлттық Әуе Кемесінің ұзындығы 285 метр, ені 72 метр болып, жалпы сыйымдылығы 60 000 тоннадан асатыны айтылды. “Le Figaro”-ның хабарлауынша: «Бұл кеме Жерорта теңізінің флагманы саналатын ұзындығы 261 метр, салмағы 42 500 тонна болатын француздардың «Шарль де Голль» кемесін артта қалдыратыны анық».
Мақалада сонымен қатар Түркия бұл жаңа жобасы арқылы теңіз қорғанысында үлкен ықпал етуді көздеп отырғаны айтылды.
“MUGEM” деп аталатын кеме 2027–2028 жылдары суға түсіріліп, 2030 жылға дейін қызметке енгізілуі күтіледі. Кемеде жойғыш ұшақтар мен заманауи ұшқышсыз соғыс аппараттары орналастырылатын болады.
Хабарда бұл кеменің Түркияның елде жоспарланып өндірілген алғашқы әуе кемесі болатыны және елдің теңіз әлеуетінде маңызды қадамға айналатыны да көрсетілді.
Түркия «элиталық» ұшақ тасығыш кеме клубының бір бөлігіне айналуда
“MUGEM” жобасы Түркияның Жерорта теңізіндегі және жаһандық теңіз аренасындағы орнын күшейтуді көздейді.
“Le Figaro” газеті инженер лейтенант Айкут Демирезенге сілтеме жасап, кеменің озық гидродинамикалық жобасының арқасында Түркиядан Нью-Йоркке дейін жанармай құймай жүзе алатынын атап өтті.
Есептеулерге сәйкес кеменің корпусы жанармай шығынын шамамен 1,5 пайызға азайтып, операциялық тиімділікті арттырады.
Кеме шамамен 50 ұшақ, соның ішінде ұшқышсыз әуе аппараттары мен жойғыш ұшақтарды тасымалдауға арналған.
Батыс елдеріндегі кемелерден айырмашылығы “MUGEM” бастапқыдан-ақ ұшқышсыз соғыс аппараттарына (мысалы жасырын ұшуға бейімделген кемеге лайық реактивті қозғалтқышты “KIZILELMA” және “ANKA-3”) толық үйлесімді жобалануда.
Сонымен қатар “MUGEM” құрамдас бөліктерінің 80 пайыздан астамы отандық өндірістен шыққан Түркияның аса жылдам ұшатын заманауи жаттығу-жойғыш ұшағы “HÜRJET”-ті де сыйдыра алады.
Хабарда сондай-ақ Президент Ердоғанның жобаға қатысты мәлімдемесіне назар аударылып, бұл кеменің ұзындығы 231 метрлік, ұшқышсыз әуе аппараттарын тасымалдайтын амфибиялық шабуыл кемесі “TCG Anadolu”-ны басып озатыны айтылды.
Мақалада: «Егер жұмыс жоспар бойынша орындалса, Түркия осындай ауқымдағы ұшақ тасығыш кеме жасай алатын АҚШ, Ресей, Франция және Қытай сияқты елдердің қатарына қосылады», – деп жазылды.