Украинаның Түркиядағы елшісі Киев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның соғыс жүріп жатқан елге сапарын ұйымдастыру үшін жұмыс істеп жатқанын айтты.
Украинаның Анкарадағы елшісі Нариман Джелялов дүйсенбі күні «RBC – Украина» ақпарат агенттігіне Киевтің бұл сапарды ұйымдастыру үшін жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Бұл Ердоғанның соғыс басталғаннан бері Украинаға алғашқы сапары болмақ.
Президент Украинаға соңғы рет 2022 жылдың тамызында шығыстағы Львов қаласына жұмыс сапарымен барған болатын.
Джелялов сенім грамотасын тапсыру кезінде Ердоғанмен кездескенін атап өтіп, «Украина президенті Зеленский шақыруды өзі тікелей жеткізді, ал мен өткен айдың басында Түркия президентімен кездескенімде бұл шақыруды қайталадым»,- деді.
Экономикалық қатынас
Джелялов сапардың жүзеге асуы үшін көп күш жұмсалатынын және оның жүзеге асуына әсер ететін көптеген мәселе бар екенін атап өтті. Сондай-ақ екі ел арасындағы еркін сауда келісімінің мақұлдануы сапардың күн тәртібінде болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Бұл келісім сауда үшін аса маңызды, алайда бәсекелестікке байланысты мәселе туындатуы мүмкін. Бірақ бұл саяси шешім. Владимир Зеленский президент Ердоғанның сапары кезінде келісімнің мақұлдануын ұсынды. Бұл мағыналы қадам болады», - деп қосты елші.
Түркия тарапы Джеляловтың мәлімдемелері туралы әлі пікір білдірген жоқ.
Анкара өткен жылдың тамыз айында Киевпен еркін сауда келісімін мақұлдаған болатын. Түркия Ресей мен Украина арасында араағайын болып, қақтығыстың алғашқы айларында бейбіт келіссөз өткізді. 16 мамыр, 2 маусым және 23 шілде күндері Стамбулда тараптар арасында келіссөз ұйымдастырылған болатын.