АҚШ Израильдің Газаны қайта басып алу арқылы геноцидті кеңейту жоспарына үнсіз қолдау білдірді. АҚШ президенті Дональд Трамп шешімді Израиль басшылары қабылдайтынын айтты.
Сейсенбі күні «Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың Газа жоспарын қолдайсыз ба?» деген сұраққа Трамп: «Бұл Израильдің ісі»,- деп жауап берді.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бейсенбі күні «EWTN» ақпарат агентігіне берген сұхбатында осы ұстанымды қайталап, «Өз қауіпсіздігі үшін Израиль шешім қабылдайды»,- деді.
Бұл мәлімдемелер бұрынғы келіссөзден бас тартқандарын көрсетеді. Израильдің ымырасыздығынан келіссөздер сәтсіз аяқталғаннан кейін Трамп әкімшілігі Израильдің геноцидті жалғастыру стратегиясын қабылдағанға ұқсайды.
АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс жұма күні Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Ламмимен кездесуде осы ұстанымды қайталады. Вэнс: «Біз Хамастың бейбіт Израиль тұрғындарына шабуылын тоқтатқымыз келеді және бұл Хамасты жою арқылы мүмкін», - деді.
Соғыс кабинеті бекітті
Израильдің әскери кабинеті бейсенбі күні тұтқындар болуы мүмкін аймақтарға, соның ішінде Газа қаласы мен бірнеше босқындар лагеріне шабуыл жасау туралы шешім қабылдады.
Израиль армиясы осы аймақтарда тұратындарға эвакуация туралы үндеу жасап, шиеленістің күшеюіне деген алаңдаушылықты арттырды.
Халықаралық қысымға, соның ішінде еуропалық және араб жетекшілерінің оккупацияның кеңеюін қайта қарау туралы ескертулеріне қарамастан Америка Құрама Штаттары Израильдің жоспарларына қарсылық білдірмеді.
Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоф өткен апта Нетаньяхумен кездесті. Кездесудің егжей-тегжейлері жарияланбаса да бұл сапар Израильдің геноцидті арттыру туралы шешімінен бұрын болды.
АҚШ Израильге гуманитарлық көмекті көбейту үшін қысым жасауда, бірақ израильдік тұтқындарды босатуды қарастырмайтын кез келген келісімге үзілді-кесілді қарсы.
Израиль билік өкілдері Газада 49 тұтқын бар екенін айтады.
Сондай-ақ АҚШ-тың Израильдегі елшісі Майк Хакаби шетел басшыларының сынына жауап бермей, Израиль режимін қолдады. Хакаби әлеуметтік желідегі жазбасында: «Хамас тұтқындарды аштыққа ұшыратып жатқанда Израиль оларға беріліп, тіпті оларға тамақ беруі керек пе?»,- деді. Ұстамдылыққа шақыруды Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «нацистерге тамақ беру» сияқты деп сипаттады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиналысы
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Израильдің Газа қаласын басып алу туралы шешімін сенбі күні емес, жексенбі күні талқылайтын болды. Дипломатиялық дереккөздер Анадолы агенттігіне жиналыс күнінің өзгергенін мәлімдеді.
Бастапқыда сенбі күні өткізілуі жоспарланған отырыс 10 тамызға шегерілді және жергілікті уақыт бойынша таңғы 10:00-де басталуы мүмкін. Отырыс уақытының өзгеру себебі айтылған жоқ.
Дереккөздер шұғыл жиналыс үндеуі Ұлыбритания, Дания, Франция, Грекия және Словениядан түскенін хабарлады. Жиналыс үндеуін Панама (Қауіпсіздік кеңесінің қазіргі төрағасы) мен кеңестің АҚШ-тан басқа барлық мүшелері қолдады.