Дүйсенбі күніне жоспарланған Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздер қарсаңында екі делегация да Стамбулға келді. Әлемнің назары Стамбулда.
2022 жылдың ақпанында соғыс басталғаннан кейін Түркия Ресей мен Украинаны Анталия мен Стамбулда бір үстел басына жинаған болатын.
Осы жылдың мамыр айында Түркия үш жылдан кейін алғаш рет екі тарапты 16 мамырда Стамбулдағы Долмабахче сарайына жинады.
Тараптар арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі дүйсенбі күні сағат 13:00-де Стамбулдағы тарихи Чыраган сарайында өтеді деп күтілуде.
16 мамырдағы келіссөздер барысында тараптар 1000 тұтқынмен алмасуға, атысты тоқтату туралы өз көзқарастарын егжей-тегжейлі жеткізуге және келіссөздерді жалғастыруға келісті. Тараптар тұтқын алмасу 25 мамырда аяқталғанын хабарлады.
Халықаралық актерлар процестің Стамбулда басталғанына ризашылықтарын жиі білдірді. Түркия ұйымдастырған келіссөздер әлем баспасөзінде кең орын алды.
Түркия араағайын болуды жалғастыруда
Түркия Ресей мен Украина арасында бейбітшілік орнату талпыныстарын жалғастыруда. Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан 26-27 мамырда Мәскеуге, 29-30 мамырда Киевке барды.
Хакан Фидан Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Сондай-ақ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров және жоғары лауазымды тұлғалармен кездесулер өткізді.
Хакан Фидан Лавровпен кездесуінде «Ресейдің Украинамен тікелей келіссөздер үшін Стамбулды таңдауы - екі елдің тұрақтылық орнату жолындағы ортақ түсіністігінің көрінісі» деді.
Лавров болса Түркияның Украинамен тікелей келіссөздер үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынуын құнды деп санайтындарын айтты.
Лавров 28 мамырда Украинамен келесі келіссөздерді 2 маусымда Стамбулда өткізуді ұсынғандарын жариялағанда, баршаның назары тағы да Түркияға ауды.
Лавров Путиннің кеңесшісі Владимир Мединский бастаған делегацияның Украина делегациясына «Дағдарыстың түпкі себептерін еңсерудің барлық аспектілері туралы» Ресей дайындаған меморандумды ұсынуға және 2 маусым күні өтетін тікелей келіссөздердің екінші кезеңі барысында мәлімдеме жасауға дайын екенін айтты.
Ресейдің жоғары лауазымды өкілі жексенбі күні Мәскеу Украинаның қақтығысты бейбіт жолмен шешуді ұсынатын меморандум жобасын алғанын айтты.
Дүйсенбі күні Стамбулда өтетін келіссөзде Ресей делегациясын басқаратын Путиннің кеңесшісі Владимир Мединский құжаттың украин және ағылшын тілдерінде ұсынылғанын растап, ешқандай тіл мәселесі жоқ екенін және негізгі ақпараттың батыстық БАҚ-та жарияланғанын айтты.
Мединский келіссөздер барысында Ресей өз ұстанымын мәлімдейтінін айтты.
Украинаның Қорғаныс министрі Стамбул делегациясын басқарады
Хакан Фидан Ресей сапарынан кейін Украинаның бас қаласы Киевке жұмыс сапарымен барды.
Украина президенті Владимир Зеленский және Сыртқы істер министрі Андрей Сыбихамен кездескен Фидан Сыбихамен өткізген баспасөз мәслихатында Түркияның бейбітшілік үндеуін қайталады. Фидан Түркияның екі жақпен де жақсы қарым-қатынаста екеніне назар аударып, тараптар келіссөз жүргізген жағдайда ілгерілеушілік болатынын айтты.
Украина алдымен келіссөздердің екінші кезеңінен бұрын Ресей дайындаған меморандумды көргісі келетінін мәлімдеді.
Украина президенті жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде Ресейден атысты тоқтату туралы ешқандай ұсыныс алмаса да, Стамбулда бейбітшілік орнату жолында ілгерілеуге ұмтылатынын атап өтті.
Украина делегациясын Қорғаныс министрі Рүстем Умеров басқарады. Делегация құрамында Украина Президентінің кеңесшісі Александр Бевц, Украина Әскери-теңіз күштері қолбасшылығы штаб бастығының орынбасары Александр Дьяков және Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Кислиц бар.
Трамп барлық күш-жігерін салуда
АҚШ президенті Дональд Трамп сайлау науқаны кезінде және қызметіне кіріскеннен кейін де соғысты тоқтатуға уәде берді.
Келіссөз үдерісіне қолдау білдірген АҚШ билік өкілдері келіссөздердің бірінші кезеңінен кейін Ресей билік өкілдерімен телефон арқылы сөйлесті.
Трамп пен Путин 19 мамырда телефон арқылы сөйлескен болатын. Трамп телефон әңгімесінің жақсы өткенін және Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер дереу басталатынын мәлімдеді. Трамп Украинамен бітімге келудің баяу екенін алға тартып, Ресейге наразылығын білдірді.
26 мамырда Ресейдің Украинаға жасаған әуе шабуылынан кейін Трамп «Truth Social» платформасында Путиннің «есінен адасқанын» айтты.
Ақ Үй «Ресей мен Украина келесі апта Стамбулда тікелей кездесулер мен келіссөздер өткізеді деп үміттенеміз және бұл кездесудің болатынына сенеміз» деген мәлімдеме жасады.
АҚШ-тың бұл келіссөздерге өкіл жіберіп, жібермеуі әзірге белгісіз.
Келіссөздер қарсаңында қақтығыстар күшейді
Тараптар Стамбулдағы келіссөзге дайындалып жатқанда, жойқын шабуылдар туралы хабар сенбі және жексенбі күндері кешке жетті.
Жексенбі күні Украинаның Қауіпсіздік қызметі (СБУ) Ресейге қарсы «кең ауқымды» шабуыл жасап, Ресей-Украина шекарасынан 4300 шақырым (2671 миль) қашықтықтағы Сібірдің Иркутск облысын қоса алғанда, бірнеше аймақта ұшқышсыз ұшақтар арқылы 40-тан астам стратегиялық бомбалаушы ұшақты жойғанын хабарлады. Хабарға қарағанда Оленя, Иваново, Дягилево және Белая әуежайларын нысанаға алған.
Жексенбі күні Ресей Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады. Министрлік Ресейдегі бес әуежайға, соның ішінде Мурманск, Иркутск, Иваново, Рязань және Амур облыстарына ұшқышсыз ұшақтармен шабуылдар жасалғанын растап, шабуылдарды «Киев режимі» жасаған «терактілер» деп сипаттады.
Министрлік Иваново, Рязань және Амур әуежайларындағы шабуылдарға тойтарыс берілгенін, Мурманск және Иркутск әуежайлары маңынан жасалған ұшқышсыз ұшақтардың соққылары нәтижесінде бірнеше ұшақ бөліктері» өртенгенін атап өтті.