Үндістан Трамп енгізген жаңа санкцияларға жауап ретінде алдағы айларда басқа серіктестер іздеуге мәжбүр болуы ықтимал екенін көрсетті. Бұл шаралар екі ел арасындағы соңғы жылдардағы ең күрделі дипломатиялық дағдарысқа алып келді.
АҚШ Президенті Дональд Трамптың үнді тауарларына қосымша 50 пайыздық баж салығын енгізу туралы шешімінен кейін алғашқы рет мәлімдеме жасаған Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди елі фермерлерінің мүддесінен ешқашан бас тартпайтынын және бұл ұстанымның салдары ауыр болса да, жолынан таймайтынын айтты.
Трамп бейсенбі күні Оңтүстік Азия еліне қосымша 25 пайыздық баж салығын енгізетінін жариялап, АҚШ-қа экспортталатын үнді өнімдеріне салынатын жалпы салық мөлшерін 50 пайызға жеткізді. Бұл — АҚШ-тың кез келген сауда серіктесіне қолданған ең жоғары тарифтердің бірі.
Моди бейсенбі күні Жаңа Делиде өткен іс-шарада:
«Біздің фермерлеріміздің әл-ауқаты басты назарда. Үндістан өз фермерлерінің, сүт шаруашылығы мен балық шаруашылығы салаларындағы еңбеккерлердің мүддесін қорғаудан бас тартпайды. Мен бұл үшін жеке өзім де ауыр салдарға тап болатынымды білемін», – деді.
Үндістан мен АҚШ арасындағы сауда келіссөздері бес кезеңге созылған келісімдерден кейін тығырыққа тірелді. Бұған Үндістанның ауыл шаруашылығы мен сүт нарығын ашуға қатысты келіспеушіліктер, сондай-ақ Ресей мұнайын сатып алуды тоқтату мәселесіндегі келіспеушіліктер себеп болды.
Моди АҚШ-тың салық шешіміне де, сауда келіссөздеріне де тікелей сілтеме жасаған жоқ
АҚШ Президенті Дональд Трамп 28 тамызда күшіне енетін жаңа салықтың Үндістанның Ресейден мұнай сатып алуын жазалау мақсатында енгізілгенін мәлімдеді.
Үндістан Сыртқы істер министрлігі бұл шешімді «аса өкінішті» деп атап, «Үндістан ұлттық мүддесін қорғау үшін қажетті барлық қажетті шараны қабылдайды» деген мәлімдеме таратты.
АҚШ әзірге Ресей мұнайының ең ірі сатып алушысы саналатын Қытайға қатысты осындай салық енгізу туралы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Сарапшылар Қытайдың сирек жер элементтері мен өзге де стратегиялық ресурстарға бай болғандықтан АҚШ-пен сауда келіссөздерінде елеулі артықшылыққа ие екенін, ал Үндістанда мұндай артықшылық жоқ екенін айтады.
Үндістан Сыртқы істер министрлігінің экономикалық қатынастар жөніндегі хатшысы Дамму Рави: «АҚШ тарапынан енгізілген тарифтік шектеулерді негізсіз деп санаймыз. Бұл – уақытша қиындық. Үндістан қазіргі жағдайды еңсеруге дайын және біз халықаралық деңгейде әділ шешім табылатынына үміт артамыз», – деді.
Үндістан жаңа одақтарға бет бұруда
АҚШ енгізген кедендік тарифтер екі ел арасындағы қарым-қатынасты күрделендіріп, соңғы жылдардағы ең ірі дипломатиялық дағдарыстардың біріне айналды. Осы жағдайда Үндістан алдағы айларда жаңа әріптестермен серіктестік орнатуы мүмкін екенін көрсетіп отыр.
Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди жеті жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет Қытайға сапармен бармақ. Бұл қадам Вашингтонмен қарым-қатынас әлсіреген кезеңде ықтимал одақ өзгерісін көрсетуде.
Ал Бразилия Президенті Луис Инасиу Лула да Силва сәрсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Трамптың тарифтеріне қарсы қандай шара қолданатыны мүмкін екенін талқылау үшін BRICS елдерімен сөйлесетінін хабарлады. Луланың бейсенбі күні алдымен Модимен, содан кейін Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен және басқа да көшбасшылармен телефон арқылы сөйлесуді жоспарлап отырғаны айтылды.
BRICS тобына Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка кіреді.
Рави: «Ұқсас көзқарастағы елдер барлық тарап үшін тиімді болатын ынтымақтастық пен экономикалық өзара әрекеттестікті көздейді», – деді.