Бейсенбі күні президенттің баспасөз хатшысы мәлімдеме жариялады. Ол мәлімдемеде Индонезия Галанг аралында қазір бос тұрған медициналық орталықты Газа секторындағы 2 000-ға жуық жаралыны емдеу үшін қайта ашатындарын және жараланғандар сауығып шыққаннан кейін үйлеріне оралатынын атап өтті.
Индонезия Палестинадағы денсаулық сақтау қызметкерлері қоршаудағы аумақта 60 000-нан астам палестиналықтың қаза тапқанын мәлімдегеннен кейін Газаға гуманитарлық көмек жіберген болатын.
Баспасөз хатшысы Хасан Насби журналистерге: «Индонезия соғыстан зардап шеккен, жараланған және үйінді астында қалған 2 000-ға жуық Газа тұрғынына медициналық көмек көрсетеді», – деді. Сондай-ақ бұл эвакуация емес екенін баса айтты.
Хасан Суматра аралының жағалауында әрі Сингапурдың оңтүстігінде орналасқан Галанг аралындағы уақытша аурухананың зардап шеккен Газа тұрғындарын емдеу және отбасыларының уақытша тұру үшін қолданылатынын, науқастар сауығып кеткеннен кейін Газаға қайтарылатынын мәлімдеді. Қазір бұл аймақтың бос екенін атап өтті. Баспасөз хатшысы бұл жоспардың мерзімі туралы мәлімет бермеді.
Бұл жоспар президент Прабово Субиантоның жараланған палестиналықтарға баспана беру ұсынысының Дональд Трамптың палестиналықтарды Газадан біржола көшіру туралы ұсынысына ұқсас деп сынға алынғаннан кейін жасалды.
Индонезия Сыртқы істер министрлігі Трамптың ұсынысына жауап ретінде Израиль-Палестина қақтығысын шешуде екі мемлекетті шешімді қолдайтынын, палестиналықтарды күштеп көшіруге бағытталған кез келген әрекетті қатаң түрде айыптайтынын мәлімдеген болатын.
Бұл аурухана 2020 жылы COVID-19 пандемиясынан зардап шеккендерді емдеу үшін Галанг аралында ашылды. Бұл арал 1996 жылға дейін БҰҰ-ның басқаруында болып, Вьетнам соғысынан қашқан 250 000 адамды қабылдаған ірі босқындар лагері ретінде пайдаланылды.