Стамбулдағы Ататүрік әуежайында осы аптада 7-ші Этноспорт мәдениет фестивалі басталды. Бұл шара дәстүрлі ойындар, музыка және ортақ адамгершілік құндылықтарды көрсеткен түрлі-түсті рәсіммен ашылды.
Әлемдік Этноспорт Конфедерациясы (WEC) ұйымдастырған бұл төрт күндік шара 22 мамырда басталып, 25 мамырда аяқталады. Фестивальге 35 елден 1000-нан астам спортшы қатысып, ортақ мәдени мұраны жаңғыртуда.
Биылғы фестивальдің «Дәстүр отбасынан басталады» деген тақырыбы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның 2025 жылды «Отбасы жылы» деп жариялауымен үндеседі.
Өнер қойылымдары, интерактивті шеберлік сабақтары және мәдени көрмелер арқылы фестиваль тарихи құндылықтардың заманауи әлемде қалай жаңғыртылатынын көрсететін тірі куәлікке айналды.
Әлемдік Этноспорт Конфедерациясының президенті Билал Ердоған ашылу салтанатында фестивальдің кең ауқымды миссиясын атап өтіп, мәдени мұраны сақтау ұлттық және жаһандық жауапкершілік екенін айтты.
«Бірінші күннің өзінде халықтың осындай үлкен қызығушылық танытқанына қуаныштымыз. Бұл - жастардың өз мұраларымен байланыс орнатуға деген ұмтылысының дәлелі. Бұл фестиваль - тек өткенге құрмет көрсету ғана емес, болашаққа көпір. Егер біз осы жерлерді біздің Отанымыз еткен құндылықтарды сәтті сақтай алсақ, бұл жер тағы мың жыл бойы біздің Отанымыз болып қала береді. Біз бұл құндылықтарды жоғалтпауымыз керек. Осы шараға үлес қосқандардың барлығына алғысымды білдіремін.» деді ол.
Ердоған мәдени көріністердің гуманитарлық қырын да атап өтіп, әлемдегі балалардың ойнау құқығының маңыздылығын еске салды: «Әрбір баланың ойнауға құқығы бар. Бірақ көптеген бала, әсіресе Газа сияқты жерлерде бұл құқықтан айырылып отыр. Бұл фестиваль – ашық аспан астында күліп ойнайтын, қирандылардың астында жасырынбайтын әлемге шақыру, ар-ұждан жиыны.»
2015 жылы Қырғызстанда бастау алған Этноспорт қозғалысы бүгінде 27 елден 42 мүше ұйымды қамтиды және алдағы бес жылда 60 елге дейін кеңеюді жоспарлап отыр.
Мәдени жасампаздыққа шақыру
Биылғы фестивальде дәстүрлі спорт түрлерінің кең ауқымы ұсынылады – ат үстінде садақ ату мен белдесуден бастап, “мангала” және “19 Тас” сияқты ежелгі үстел ойындарына дейін. Бірақ Этноспорт тек мәдени ностальгия емес; ол жастар арасындағы экранға тәуелділіктің артуына заманауи жауап ретінде ұсынылады.
Түркияның Жастар және спорт министрі Осман Ашқын Бак та фестивальдің ашылу салтанатына қатысты. Ол: “Балаларымыз бен жастарымыздың бұл фестивальді құшақ жая қарсы алғанын көру бізге үміт сыйлайды. Мәдениет – ұлтымыздың негізгі құндылықтарының бірі. Осы дәстүрлерді сақтауға тырысқаны үшін Әлемдік Этноспорт Конфедерациясына алғысымызды білдіреміз. Президентіміздің қолдауымен біз мықты, тамырлы және белсенді ұрпақ қалыптастырып жатырмыз. Спорт, дәстүрлер және мәдени сәйкестік – бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.» деді.
Ол сондай-ақ маңызды ескерту жасады: «Газаны ұмытпауымыз керек. Балалар өлтіріліп жатқанда үнсіз қалмайық. Әрбір бала ойнай алатын әлем үшін даусымызды шығарайық» деді.
Жад пен куәліктің мозаикасы
Фестивальге қатысушылардың бірі, зерттеуші және жазушы Айше Нұр Менекше халық аспаптарының үні мен киіз үйлерден шыққан топырақтың иісі арасында тірі дәстүр атмосферасынан әсерленгенін айтты.
«Бұл тек мұраны көрсету ғана емес – бұл сәйкестіктің мозаикасы болды,» – дейді ол “TRT World” арнасына. «Фестиваль біздің өткенімізден болашағымызға созылған мәдени көпір сияқты сезілді. Цифрландырудан тамырымызды жоғалтып аламыз деп қорқатын заманда, бұл тиесілікті қайта жаңғырту.» деді ол.
Ол сөзін былай жалғастырды: «Әртүрлі ұлттардың қатар өнер көрсетіп, бірге жасап, бөлісіп, күліп жатқанын көру өте әсерлі болды. Қырғыз және қазақ киіз үйлерін аралап жүріп, Орталық Азиядағы бауырларымызбен қол ұстасып, далада еркін шауып жүргенімді елестеттім. Бұл өмір бойы есте қалатын сәт болды.»
Фестиваль алаңында келушілер садақ ату, дәстүрлі күрес және атқа мініп көрді. Балалар халық ертегілерін тыңдаса, ересектер қолөнер шеберханаларын аралап, әлемнің түкпір-түкпірінен келген тағамдардың дәмін татып көрді.
Биылғы жаңа ерекшелік – «Отбасы ауылы» деп аталатын арнайы орын, онда отбасылар қолөнермен айналысып, мұра туралы әңгімелер тыңдап, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтатын ойындарды тамашалай алады.
Қарабах жылқыларының таңғажайып акробатикалық қойылымдары мен Музыкалық аспаптар мұражайынан шыққан әуендер фестивальдің терең мақсатын ашып берді: мәдениетті тек сақтау ғана емес, оны жаңғыртып, насихаттап, шекаралар арқылы адамдарды байланыстыру.
«Әрбір киіз үй бір оқиғаны баяндайды» – дейді Айше Нұр Менекше. «Әрбір әуен бір сәйкестікті жеткізді. Әрбір ойын бір құндылықты ұрпақтан ұрпаққа жеткізді.»
Жазушы Мелике Гүнюз Этноспорт фестиваліне алғаш рет қатысып отыр және ол “TRT World”-ке берген сұхбатында бұл шараның оған терең әсер еткенін айтты.
«Атмосфера керемет болды,» – дейді ол қуанышпен. «Әзербайжаннан келген Қарабах командасы ерекше әсер қалдырды – музыканттар, халық билері және ат спорты шеберлері бірге өнер көрсетті. Ең таңқаларлығы, бұл акробатикалық қойылымдарға әйелдер де қатысқаны болды.» деді ол.
Гүнюз үшін бұл шараның мәні қарапайым, бірақ терең. «Мен өзіме қайта-қайта сұрақ қойдым: Неге мен мұнда бұрын келмедім? Әрбір бала мен жасөспірім бұл шараны көруі керек. Бұл жай ғана шара емес , бұл сізбен бірге қалатын сезім.»
25 мамырға дейін тегін кіруге болатын 7-ші Этноспорт мәдениет фестивалі жұртшылықты дәстүр рухын сезінуге, дәмін татуға, тыңдауға және куә болуға шақырады.