Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басқарушы директоры Кристалина Георгиева бейсенбі күні белгісіздік өте қымбатқа түсетінін атап өтіп, сауда саясатына қатысты шиеленістерді тез арада шешіп, ымыраға келуге шақырды.
ХВҚ-ның 2025 жаһандық саясат күн тәртібіне арналған баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Георгиева «Үлкен сауда саясатындағы өзгерістер белгісіздікті күрт арттырды. Сонымен қатар қаржылық қиындықтар мен нарықта жоғары құбылмалылық байқалуда», – деді.
Ол әлемдік экономика үлкен сынаққа тап болғанын, қорғаныс тетіктерінің азайғанын және бұл жағдай елдерді қиын жағдайға әкелетінін атап өтті.
«Елдер сауда шиеленістерін мүмкіндігінше тез шешу үшін конструктивті жұмыс істеуі керек, ашықтықты сақтап, белгісіздікті жоюы қажет. Негізгі ойыншылар арасындағы сауда саясаты бойынша келісім өте маңызды», – деді ол.
Өсуге бағытталған реформалар
Георгиева тұрақсыздық жағдайында компаниялар инвестиция салмайтынын, шығындалудың орнына үнемдеуге көшетінін, бұл жағдай әлсіз өсу перспективаларын одан әрі төмендететінін айтты.
Ол елдер ірі экономикалар арасындағы шиеленістерді туындататын тұрақсыздықты да шешуі керек екенін атап өтті. «Қытай сияқты кейбір елдер жеке тұтынуды арттыру және қызмет көрсету саласына көшуге бейімделуі қажет. Ал АҚШ сияқты елдер өздерінің бюджеттік тапшылықтарын азайтуы керек», - деді ХВҚ басшысы.
Георгиева «Барлық елдер тарифтік және тарифтік емес сауда кедергілерін азайтуы керек. Елдер экономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін шаралар қабылдауы қажет», - деп өнімділікті арттыруға бағытталған реформалардың маңыздылығына тоқталды.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің ХВҚ мен Дүниежүзілік банктің негізгі миссияларына қайта назар аудару туралы үндеуіне тоқталған Георгиева АҚШ-тың пікірін жоғары бағалайтынын, алда ұзын жол бар екенін және осы мәселеге назар аударып отырғанын атап өтті.