Түркия Газаға бағытталған гуманитарлық көмектің ауқымына тоқталып, 2023 жылдың қазан айында Израиль шабуылдары басталғалы бері Газаға 16 кеме мен 14 ұшақ арқылы жүк жіберілгенін хабарлады.
Сейсенбі күні Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасы жасаған мәлімдемеде бұл бастама Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның көшбасшылығын айқын көрсететіні айтылды, әрі Түркияның халықаралық алаңда Газаның үні болуға ұмтылып, қоршаудағы бейбіт тұрғындарға шұғыл көмек жіберуді жалғастырып жатқаны ерекше атап өтілді.
Газа халқы 2023 жылдың 7 қазаннан бері Израильдің әуе шабуылдары салдарынан аштық пен кедейшілікке тап болып отыр.
Коммуникация басқармасы Түркияның жазықсыз Газа халқын қолдау үшін жан-жақты жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Қақтығыстар басталған күннен бері Түркия Газаға 101 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек пен 15 миллион доллар қаржылай қолдау жіберген.
Түркия гуманитарлық көмек жіберуді жалғастыруда
Жіберілген гуманитарлық көмектердің қатарында көп мөлшерде азық-түлік, ұн, ауызсу, киім-кешек және балаларға арналған ойыншықтар бар.
Медициналық көмек те бұл қолдаудың маңызды бөлігі болды. Түркия сегіз далалық аурухана, 53 жедел жәрдем көлігі мен шамамен 250 тонна медициналық жабдық жіберді. Сондай-ақ 430 науқас пен олардың 450 жақынын ем қабылдау үшін Түркияға жеткізді.
Қосымша көмектердің қатарында жүз мыңдаған гигиена жиынтығы, мыңдаған шатыр, 1 400-ден астам генератор, жылжымалы асүйлер мен техникалық қолдау бар.
Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасы Израильдің қоршауындағы Газаға жету қиын болса да, Түркияның «барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып» гуманитарлық көмекті жалғастыра беретінін атап өтті.