«Үндістанның билік өкілдері АҚШ президенті Дональд Трамптың санкция салу қаупіне қарамастан Ресейден мұнай сатып алуды жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл ақпаратты сенбі күні «New York Times» таратты.
Ақ Үй, Үндістанның Сыртқы істер министрлігі мен Мұнай және табиғи газ министрлігі жағдайға байланысты дереу мәлімет бермеді.
Трамп өткен айда «Truth Social»-дағы жазбасында Ресейден қару мен мұнай сатып алуына байланысты Үндістанға қосымша санкция енгізетінін мәлімдеген болатын. Алайда кейінгі мәлімдемесінде Үндістанның Ресеймен қарым-қатынасына мән бермейтінін атап өтті.
Жұма күні Трамп журналистерге Үндістанның енді Ресейден мұнай сатып алмайтыны туралы естігенін айтты. Алайда «New York Times»-тың хабарлауынша, Үндістанның екі жоғары лауазымды билік өкілі ел саясатының өзгермегенін мәлімдеген. Билік өкілдерінің бірі үкіметтің мұнай компанияларына Ресейден мұнай импортын шектеу жөнінде ешқандай бұйрық бермегенін атап өтті.
Шілде айында Ресей жеңілдіктердің бір бөлігін алып тастағаннан кейін Үндістанның мемлекеттік мұнай өңдеу зауыттары Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатқанын хабарлаған болатын. 14 шілде күні Трамп “егер Мәскеу Украинамен бейбіт келісімге келмесе, Ресейден мұнай сатып алатын елдерге 100 пайыздық кедендік баж салығы енгізіледі” деп қорқытты. Қазіргі таңда Ресей Үндістанның мұнай қажеттілігінің шамамен 35 пайызын қамтамасыз етіп отыр және Үндістанның ең ірі жеткізушісі.