Израиль күштері Сирияның оңтүстік-батысындағы Кунейтраның солтүстігінде орналасқан екі қалашыққа кіріп, ел егемендігіне кезекті рет нұқсан келтірді.
Сирия мемлекеттік “Әл-Ихбария” телеарнасы “X” платформасындағы жазбасында: “Израиль оккупациялық күштеріне тиесілі бір патруль Кунейтраның солтүстігіндегі Турнедже қалашығына кірді” деп хабарлады. Жазбада патрульдің “қалашықтың орталық алаңында тоқтағаннан кейін Кунейтра маңайының солтүстігіндегі Хадер қалашығына қарай бет алғаны” айтылды, алайда басқа дерек берілмеді.
Канал сондай-ақ Израильдің тағы бір әскери керуені Кунейтра маңайының оңтүстігіндегі Тель-әл-Ахмар әл-Гарби аймағынан Әл-Асба ауылының жанына қарай жылжығанын және бұл жағдайдың жергілікті тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырғанын хабарлады.
Башар Асад режимі 2024 жылы желтоқсанда құлатылғаннан кейін Израиль Сириядағы Голан жотасындағы оккупация аумағын кеңейтіп, қарусыздандырылған аралық аймақты өз бақылауына алды. Бұл қадам 1974 жылы Сириямен жасалған Күштерді бөлу туралы келісімді бұзу болып саналады.
Хабарламаларға сәйкес, Израиль Сирия аумағында әскери нысандарға, соның ішінде әскери ұшақтар, зымыран жүйелері мен әуе қорғаныс нысандарына жүздеген әуе соққысын жасаған.