Ауғанстандағы уақытша үкіметтің өкілі жексенбі түні елдің шығысында болған жер сілкінісінде қаза тапқандар саны 1 400-ден асқанын мәлімдеді.
Ауған Қызыл Жарты ай қоғамы сейсенбі күні “X” платформасында жариялаған хабарламасында кемінде 3 251 адамның жараланғанын және жер сілкінісінің 8 000-нан аса үйдің қирауына себеп болғанын атап өтті.
Бұл апат соғыс пен дағдарыстан зардап шеккен елдегі үшінші ірі зілзала болды.
АҚШ Геологиялық зерттеулер қызметі жер сілкінісінің жергілікті уақытпен 23:47-де болғанын хабарлады. Зілзала Джелалабадтан шығыс-солтүстік-шығысқа қарай 27 шақырым жерде 8 шақырым тереңдікте тіркелді.
Жер сілкінісінен ең қатты зардап шеккен аймақ — Кунар провинциясы. Кунардағы уақытша ауған билігінің өкілі Абдул Ғани аймақта құтқару жұмыстарының жалғасып жатқанын айтты.
Ғани: «Әлі де көптеген адам үйінді астында қалғандықтан қаза тапқандар саны көбеюі мүмкін», - деді.
Сондай-ақ Ғани Нур Гал, Савки, Уатпур, Маноги және Чапа Дара аудандарында ондаған үйдің қирағанын қосты.
Ауған уақытша үкіметі дүйсенбі күні аймаққа гуманитарлық жүк пен медициналық топ жібергенін, сондай-ақ Кабулдан қосымша көмектің жолға шыққанын мәлімдеді.
Пәкістан, Иран, Қытай және Үндістан секілді көрші елдермен қатар, Батыс мемлекеттері де Ауғанстанға көмек беруге уәде етті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілі сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде жолдардағы зақым апат аймақтарына жетуге кедергі болып отырғанын хабарлады.
Таулы аймақтарда құтқару жұмыстары тікұшақтар арқылы жүргізілуде.