АҚШ Президенті Дональд Трамп Ресей Президенті Владимир Путинмен сөйлескенін және Путин мен Зеленский арасындағы кездесу үшін дайындық жүріп жатқанын мәлімдеді. Кездесудің қай жерде өтетіні әзірге нақтыланбаған.
Трамп дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде: «Вице-президент Джей Ди Вэнс, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және арнайы өкіл Уиткофф Мәскеу және Киевпен жұмыс істеп жатыр. Ресей мен Украина арасында бейбітшілік орнау ықтималдылығына бәрі өте қуанышты»,- деді.
Трамп «Путин мен Зеленский кездесуінен кейін, менің де қатысуыммен үшжақты жиын өткізетін боламыз», - деп мәлімдеді.
«AFP» ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда Путин Трампқа Зеленскиймен кездесуге дайын екенін жеткізген.
Бұл телефон әңгімесі Трамптың Ақ Үйде Еуропа көшбасшыларымен кездесуі барысында, Путинмен өткен Аляска саммитінен бірнеше күн өткен соң болған. Ал Зеленский болса Трамптың Ресей–Украина соғысын тоқтату талпыныстарын қолдайтынын айтып, үшжақты саммитке қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Зеленский «Қырғынды тоқтатуға күш салып жатқаныңыз үшін рақмет!» деп, қауіпсіздік пен бейбітшілік орнағаннан кейін сайлау өткізуге дайын екенін атап өтті.
Сондай-ақ Зеленский: «Енді біз Америка Құрама Штаттарынан қару-жарақ сатып ала аламыз, бұл Украина армиясын қайта қаруландыру үшін өте маңызды», - деді.
Трамп дүйсенбі күні «Truth Social» желісіндегі жазбасында Киевті Қырымды қайтарып алу әрекетінен және НАТО-ға қосылу бастамаларынан бас тартуға шақырды.
Еуропаның алаңдаушылығы
Зеленский «X» платформасындағы мәлімдемесінде: «Ресейді бейбітшілікке тек күш көрсету арқылы мәжбүрлеуге болады, ал Президент Трампта ондай күш бар», – деді.
Германия канцлері Фридрих Мерц Вашингтондағы кездесуден кейін: «Украина үшін маңызды күндер»,-деді. Сондай-ақ Путиннің Зеленский қатысатын саммитке келуіне батылы жететіне күмән келтірді.
Мерц Трамптың Украинаға қатысты қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі мәлімдемесін құптап, үміттің ақталып қана қоймай, асып түскенін және барлық Еуропа елдері Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге қатысуы керек екенін баса айтты.