Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Сирияның Сувейда аймағында болған соңғы қақтығыстардағы Израильдің рөлін сынға алып, Сириядағы сыртқы араласуларға қатысты Түркияның алаңдаушылығын білдірді.
Хакан Фидан сәрсенбі күні Анкарада Сирияның Сыртқы істер министрі Асад Хасан Шайбанимен бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. «Сувейдадағы қақтығысты ұйымдастырушылардың бірі – Израиль», - деді Түркияның Сыртқы істер министрі баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ Түркияның қақтығыстан кейінгі Сирияға қатысты көзқарасын атап өтіп, «Жаңа Сирия – барлық халықтың сенімдері мен мәдениеттері сақталған, бейбітшілік орнаған тұтас мемлекет болуы керек. Түркия ретінде біз осы бағытта үндеуімізді жариялап келеміз», – деді.
Хакан Фидан соңғы оқиғаларға Анкараның енді төзіммен қарай алмайтынын мәлімдеді. Лаңкестік ұйым PKK/YPG-нің ұстанымына қатысты: «Біз олардың Сириядан кетпегенін көріп отырмыз… Мұны байқамайды деп ойламасын», - деп ескерті.
Министр YPG-ге Түркия мен аймаққа төндіріп отырған қауіп-қатерін дереу тоқтату жөнінде үндеу жасап, ұйым мүшелері мен шетелдік жауынгерлердің Сирия аумағынан кетуін талап етті.
Асад Хасан Шайбани Сириядағы шетелдік араласуларды Сирия мемлекетін әлсіретіп, бөлуді көздейтін араласулар деп бағалады.
«Ешқандай жағдайда олар (дүрзі қауымы) шеттетілмейді. Сувейдада болған оқиғалар аймақта діни алауыздық тудыру мақсатында Израиль тарапынан ұйымдастырылды. Түркиямен көптеген ортақ мүдде мен мәселеміз бар. Сириядағы хаосты қолдаудан бас тарту керектігін ескертудеміз», – деп мәлімдеді Сирияның Сыртқы істер министрі.
Шайбани сонымен қатар Сирияның солтүстік-шығысындағы лаңкестік күштер ұйымдастырған «Хасеке конференциясын» 10 наурызда YPG лаңкестік ұйымымен жасалған келісімнің бұзылуы ретінде бағалайтынын айтты.
Сирия 10 наурызда Сирия Демократиялық күштерінің (SDG) мемлекеттік мекемелерге интеграциялануы үшін келісімге қол қойылғанын хабарлаған болатын. Сондай-ақ елдің территориялық тұтастығын қайта растау арқылы кез келген бөліну әрекетін жоққа шығарды.
SDG – PKK лаңкестік ұйымының Сириядағы филиалы YPG басқаратын ұйым.
Сирия үкіметі Башар Асадтың 24 жылдық билігі өткен жылы күйргеннен кейін қауіпсіздік шараларын күшейтті.
Шамамен 25 жыл бойы Сирияны басқарған Асад желтоқсанда Ресейге қашып кеткен болатын. Осылайша 1963 жылдан бері биліктегі Баас партиясы режимі аяқталды.
Қаңтар айында президент Ахмед Шараның жетекшілігімен жаңа үкімет құрылды.